Қазақстан Грузияның негізгі сауда серіктестерінің қатарына енді

203

Бұл туралы Грузияның Ұлттық статистика қызметі мәлімдеді (Geostat).

Қазақстан Грузияның негізгі сауда серіктестерінің қатарына енді   Фото: shutterstock/ Дастан Шанай

2025 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Грузияның сыртқы саудасындағы жетекші бағыттардың бірі болып, грузин экспорты бойынша алғашқы үш елдің қатарына кірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Есепті кезеңде Грузиядан Қазақстанға экспортталған тауар көлемі 849,9 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға жоғары. Қазақстанның Грузия экспортының жалпы көлеміндегі үлесі 12,8%-ға жетіп, елді негізгі экспорттық серіктестер арасында екінші орынға шығарды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан тек Қырғызстанға жол берді.

2025 жылдың қаңтар-қараша айларында Грузия мен Қазақстан арасындағы жалпы тауар айналымы 925,7 млн долларды құрады. Оның ішінде Қазақстаннан Грузияға импорт көлемі 75,8 млн доллар деңгейінде қалыптасып, елдің жалпы импортының 0,5%-ын ғана құрады.

Грузияның жалпы сыртқы сауда айналымы құрылымында Қазақстан төртінші орынға жайғасып, елдің жиынтық тауар айналымының 4%-ын қамтамасыз етті. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Түркия, Америка Құрама Штаттары және Ресей Федерациясынан кейін тұр.

Жалпы алғанда, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында Грузияның сыртқы тауар саудасының көлемі 23,22 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,5%-ға артты. Экспорт 10,1%-ға өсіп, 6,62 млрд долларға, импорт 9,3%-ға өсіп, 16,60 млрд долларға жетті. Сыртқы саудадағы теріс сальдо 9,98 млрд долларды, яғни жалпы айналымның 43%-ын құрады.

Geostat деректеріне сәйкес, есепті кезеңде Грузия экспортының 70%-ы ТМД елдеріне бағытталған. Осы бағытта Қазақстан грузин өнімдері үшін негізгі өткізу нарықтарының бірі болып қала береді.

Ұлттық статистика қызметі ұсынылған мәліметтердің алдын ала сипатта екенін және кейін нақтылануы мүмкін екенін хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу