Ескі көлікті сатып алу бағдарламасы басталғалы бері ӨКМ операторы утилизацияға 49 909 автокөлік қабылдады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Халыққа ескі автокөліктер үшін төлемдердің жалпы сомасы 7 млрд 486 млн теңгені (ағымдағы 322,99 / $ 1) құрады.
Жоба іске қосылғалы, яғни 2017 жылдың 26 маусымынан бастап 2018 жылдың 2 мамыры аралығында жеңілдік сертификатын беру арқылы 12 мың 840 бірлік көлік қабылданған.
11 мыңнан астам сертификат иелері отандық өндірістің 6 мың 89 жаңа автомобилін сатып алған. Бағдарлама бір көлік құралын сатып алу кезінде екі сертификатты пайдалануға мүмкіндік береді.
Жеңілдік сертификатындағы баға тапсырған көліктің санатына байланысты 315 мың теңгеден 650 мың теңге арасында белгіленеді.
Оңтүстік Қазақстан облысында 8 мың 813 бірлік көлік өңдеуге өткізілді, одан кейінгі орында Алматы тұр - мегаполис халқы 5 мың 321 автокөлік тапсырған. Үштікті Көкшетау түйіндеп тұр - 4 983 жарамсыз көлік тапсырған.