"Қазақстан халқына" қоры Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап 114 үй салады

235

"Қазақстан халқына" Қоғамдық Қоры және Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үйлер салу туралы меморандумға қол қойды. 

"Қазақстан халқына" қоры Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап 114 үй салады Фото: бейнеден скриншот

Жүзеге асырылатын меморандум аясында Батыс Қазақстан облысында Қордың қаржы ресурстары есебінен жергілікті атқарушы органдар ұсынған үлгілік жоба негізінде 114 тұрғын үй салынады.

Үйлер келесі елді мекендерде салынады:

  • Жымпиты ауылы-49 үй;
  • Бұлдырты ауылы - 25 үй
  • Өлеңті ауылы - 38 үй;
  • Жетікөл ауылы-1 үй;
  • Жаңақоныс ауылы-1 үй.

Осы елді мекендердегі су тасқынынан зардап шеккен бұл үйлер объективті тексеру қорытындысы бойынша жөндеуге жатпайды және қалпына келтіруге жарамсыз.

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі су басуға бейім емес аймақтарда жаңа үйлер салу үшін жер учаскелерін анықтады және бөлді, сондай-ақ қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етеді. Орындалатын құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылау мен қадағалауды облыс әкімдігі жергілікті қоғамдық белсенділермен бірлесіп жүзеге асыратын болады.

"Біздің жеріміз, халқымыз табиғи апатқа тап болды, оның салдары, әрине, өте қайғылы. Бірақ, біз ортақ күш-жігерімізбен қысқа мерзімде жаңа үйлер құрылысын бастап, оларды толықтай бітіріп, қиыншылыққа тап болған отандастарымызға көмектесе аламыз деп үміттенеміз. Қор бұған Қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша 10 млрд теңгені, сондай-ақ қамқоршыл қазақстандықтар мен бизнес өкілдері жіберіп отырған қаражатты қосымша жолдап отыр", — деп атап өтті "Қазақстан халқы" ҚҚ төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Жақын уақытта Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында құрылыс үшін ауылдар мен аумақтар анықталып, тиісті меморандумдарға қол қойылады.

"Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтуды тапсырған болатын.  Осы ретте, "Қазақстан халқына" қоры да көмек көрсеткелі отыр. Осылайша облысымыздың Сырым ауданында тұрғын үйлер салынады.  Бұл қуантарлық жағдай. Зардап шеккен тұрғындар баспанасыз қалмайды, мемлекет тарапынан барынша көмек беріледі" — деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.

Ескеретін жайт, 1-30 сәуір аралығында Қордың атына түскен барлық ақшалай қаражат төтенше жағдайдың салдарын жоюға және ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға бағытталатын болады. Қор өзінің ресми сайтында донорлар мен аталған сомалардың мөлшері туралы есепті орналастырады.

Бүгінгі таңда Қордың шоттарына 2,9 млрд теңге сомасына қайырымдылық жарналары түсті. Қор сәуір айының соңына дейін қайырымдылық қаражаты есебінен салынатын үйлердің саны артады деп үміттенеді.

Қор қайырымдылық үшін тек Қордың ресми сайтында көрсетілген шоттар мен деректемелерді пайдалануды сұрайды   Жеке тұлғалар аударымдарды банктердің мобильді қосымшаларында "Қайырымдылық" бөлімі арқылы жүзеге асыра алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу