"Қазақстан Халқына" қоры кімге қанша көлемде қаржылай көмек берілетінін жариялады

10547

"Қазақстан Халқына" қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесі қаңтар айында орын алған оқиғалар кезінде қаза тапқан және ауыр жараланған әскери қызметшілердің отбасыларына, Ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ кездейсоқ құрбан болған азаматтардың отбасыларына, қаза тапқан және жараланған балалардың отбасыларына берілетін материалдық көмек мөлшері туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Халқына" қоры кімге қанша көлемде қаржылай көмек берілетінін жариялады

Оқиғаның кездейсоқ құрбаны болған қаза тапқан әскери қызметшінің, ішкі істер органдары қызметкерінің, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерінің, азаматтық тұлғаның әрбір отбасына 7 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Ауыр жарақат алған әскери қызметшілерге, Ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ жараланған балалардың отбасына 3 млн теңгеден бөлінеді. 

Сондай-ақ қор қаза тапқан әскери қызметшілердің, Ішкі істер органдары қызметкерлерінің, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына, сондай-ақ қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған (қаза тапқан) кәмелетке толмаған балалары бар азаматтық тұлғаларға қосымша қайырымдылық көмек көрсету мәселесі бойынша жұмыс жүргізуде.

"Қазақстан Халқына" қорына Қорғаныс министрлігінен, Ішкі істер министрлігінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Республикалық ұланнан 21 адамның қаза тапқаны және 94 адам ауыр жараланғаны туралы ақпарат келіп түсті.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл А. Сайыннан 3 қаза тапқан және 4 жараланған бала, сондай-ақ бір көп балалы ананың қайтыс болғаны туралы ақпарат жолданды.

Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Э. Әзімовадан қаңтар айындағы оқиғалардың кездейсоқ құрбаны болған 29 ҚР азаматы туралы ақпарат ұсынылды. Осы тізімдегі үш адам Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің тізімінде, екеуі ҰҚК тізімінде қайталанады.

Қамқоршылық кеңес қордың басқармасына қаза тапқан және жараланған әскери қызметшілердің, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің, қаза тапқан және жараланған балалардың отбасыларына белгіленген соманы төлеуді тапсырды. Сондай-ақ ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілден алынған тізімге сәйкес қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болған (қаза тапқан) азаматтық тұлғалар отбасыларының байланыс деректерін анықтау тапсырылды.

"Қазақстан Халқына" қоры ресми дереккөздерден тізімдерді алуына байланысты қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны (қаза болғандардың) болған отбасыларға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілден ақпарат алынды. Енді тергеу әрекеттерінің аяқталуына қарай ҚР құқық қорғау органдарынан тізім күтіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу