"Қазақстан халқына" қоры сал ауры бар балаға экзоскелет табыстады

481

Астаналық 14 жасар Нұрғалам Жеңісбекұлына "Қазақстан халқына" қорынан экзоскелет табысталды. 

"Қазақстан халқына" қоры сал ауры бар балаға экзоскелет табыстады Фото: «Қазақстан халқына» қоры

Құрал баланың бұлшық еттерін нығайтып, өздігінен жүруге жәрдемдеседі, деп жазады inbusiness.kz.

Нұрғалам көпбалалы отбасынан шыққан. Анасы Жанар Ержанованың айтуынша, ол мерзімінен бұрын дүниеге келген. Бір жасқа толған кезде дәрігерлер церебральды сал ауруы диагнозын қойған. Сондықтан бала жастайынан түрлі медициналық ұйымдарда емделіп, оңалтудан өтіп келеді. 

Өткен жылдың соңында Жанар "Қазақстан халқына" қорының қайырымдылық бағдарламасы туралы естіген соң, қатысу үшін Қордың серіктесі "CyberFund" пациент ұйымы арқылы өтінім беріп, қажетті құжаттарды дайындады. Осы жылдың басында Нұрғаламның өтінімі мақұлданып, оның жеке параметрлері мен қажеттіліктерін ескере отырып, экзоскелет қаңқасы әзірлене бастады. 

Бір апта бойы Балаларды оңалту ұлттық орталығында (БОҰО) Нұрғалам ата-анасымен және көпсалалы топ мамандарымен бірге құралды сынақтан өткізді.

"Баланың қуанышы көзінен білініп тұр. Экзоскелетті сынауға қуана келіп, қайта-қайта аяғына қарап, жүріп-тұрмын ба өз көзіне өзі сенбеді. Шипасын берсе екен деп үміттенеміз. Балам сенімді бола түсті, талпынысы пайда болды. Осы мүмкіндік үшін баршаңызға зор алғыс айтамын", – деді Жанар Ержанова.

"Mbionics" өндіруші компаниясының директоры Мәулен Бектұрғанов атап өткендей, трансформатор-экзоскелет мейлінше жетілдірілген. Енді оны бала өз бетінше басқа адамның сүйемелдеуінсіз-ақ басқара алады.

"Экзоскелеттің бірнеше қызметі бар – жүруді пысықтайды, қысқа қашықтыққа қозғалуға ықпал етеді, тік жүріп-тұру функциясы бар. Егер ол жүруден шаршаса, онда ол отыра алады және құрал арбаның рөлін атқарады. Өткен жылдан бері төрт бала экзоскелетті үй жағдайында сәтті қолданып келеді. Оң динамика байқалады. Балалар биыл орталыққа келгенде бұлшықет күші мен тонусының, қозғалыс функциясының жақсарғанын байқадық. Балалар сенімдірек бола түскен", – деп атап өтті БОҰО Басқарма төрағасының кеңесшісі Шолпан Бөлекбаева.

Нұрғалам – "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының қайырымдылық бағдарламасы аясында экзоскелет алған 5-ші бала. Бірнеше ай ішінде апробация жүргізілген соң аппарат тағы 8 балаға беріледі.

Экзоскелетпен қамтамасыз ету бойынша қайырымдылық бағдарламасы тірек-қимыл аппараты бұзылған (церебральды сал ауруы, ми жарақаттары, жұлынның зақымдануы, параплегия, бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы және т.б.) халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға арналған. Бағдарлама аясында 13 бала қамтамасыз етіледі, оған 117 млн теңге бөлінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу