Марракеш қаласында (Марокко) өткен ICAO Global Implementation Support Symposium 2026 аясында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мен Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева кездесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кездесуге сондай-ақ ИКАО EUR/NAT бюросының өңірлік директоры Николас Ралло және Қазақстанның ИКАО жанындағы тұрақты өкілі Тимур Тілегенов қатысты.
Тараптар азаматтық авиация саласын дамытудың негізгі бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, ұшу қауіпсіздігін арттыру, авиациялық қауіпсіздікті күшейту, адами капиталды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері сөз болды.
ИКАО Бас хатшысы Қазақстанның ұйым бастамаларын жүзеге асырудағы белсенділігін жоғары бағалады.
Өз кезегінде Салтанат Томпиева Қазақстан үшін ИКАО-мен ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын атап өтіп, елдің азаматтық авиацияны дамытудағы басымдықтарын таныстырды. Оның айтуынша, негізгі мақсаттар қатарында ИКАО стандарттарына толық сәйкестік, ұшу және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, 2050 жылға дейінгі даму жоспарын іске асыру және Қазақстанның ИКАО Кеңесіне мүшелікке ұмтылысы бар.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ИКАО-ның жаһандық бастамаларына белсенді қатысуға ниетті екенін растады.
Сондай-ақ Салтанат Томпиева Хуан Карлос Саласарды Қазақстанда өтетін ICAO Security Week 2026 іс-шарасына қатысуға шақырды.