Қазақстан ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік бойынша аудитінен табысты өтті

876

Қазақстан ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік бойынша аудитінен табысты өтті

Қазақстан халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) авиациялық қауіпсіздік бойынша аудитінен табысты өтіп, халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдеді, деп хабарлайды ҚР ИДМ азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі. 
Комитеттің ИКАО талаптарына сәйкестігі ресми түрде 83%-ды құрап, 2009 жылғы аудиттің қорытындысы 62%-бен салыстырғанда 21%-ға жоғарылады. Қазақстанның жаңа көрсеткіші орташа әлемдік деңгейден (72%) 11%-ға асып тұр.

ИКАО аудиті - мемлекеттің азаматтық авиация саласының қауіпсіздік жүйесін бағалаудағы ең объективті құралдардың бірі. Елеулі ескертпелер мен ИКАО аудитінің төмен бағалауы басқа елдерге ұшуға тыйым салу сияқты шектеуге алып келуі мүмкін.

2017 жылдың қараша айында ИКАО комиссиясы әуежайлардың қауіпсіздік жүйесін кешенді тексеру мақсатында авиациялық қауіпсіздік бойынша аудит жүргізді. Сарапшылардың бағалауы 480 мәселе бойынша жүргізілді. Ал, 2009 жылғы аудитті өту кезінде тексеру 299 мәселе бойынша жүзеге асырылған болатын. Бұл авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ИКАО талаптарының күшейтілгенін көрсетеді. Бұл ретте, мемлекеттердің ИКАО тексерісінен өту қиындап тұрған тұста халықаралық сарапшылардың тарапынан Қазақстанның жоғары баға алуы көрсеткіштің маңыздылығын арттыра түседі. 2017 жылғы аудит қорытындысы бойынша авиациялық қауіпсіздік деңгейі жөнінен Қазақстан әлемдегі озық елдер қатарынан орын алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу