Алматы прокуратурасы экстремистік насихат жүргізетін ақпарат көздерімен күресті күшейтпек. Тек соңғы 2 жылда қалада осындай 300-ге жуық интернет құралы жабылған. Алайда заңның орындалуын қадағалаушылардың пікірінше, бұл шаралар жеткіліксіз. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Қалалық прокуратура қызметкерлері "Алматы OPEN" жобасы аясында бірқатар ұсыныстар әзірлеп, оларды жан-жақты талқылауға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерін шақырды. Жобаны әзірлеушілердің пікірінше, экстремистік насихатқа тосқауыл қою үшін жамағатқа уағыз оқу жеткіліксіз. Қалың бұқараны қамту үшін әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланып, қазақ-орыс тілдерінде деструктивті ақпараттың зиян екенін түсіндіретін сайттар ашу керек. Сондай-ақ, кинотеатрларда жеңіл қабылданатын, түсінікті кинолар мен әлеуметтік бейнероликтер көрсету жоспарланып отыр. Прокуратура өкілдері діни қызметкерлерді шешендік өнерге үйрететін орталық ашуды ұсынды. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде Қазақстан имамдарының тек 19%-ының жоғары білімі бар екен.