Мобильді интернеттің жылдамдығы жағынан Қазақстан ЕАЭО және Орталық Азия елдерінің ішінде (Армениядан басқасы) көш басында тұр.
"Speedtest Global Index мәліметтері бойынша әлемде мобильді интернеттің орташа жылдамдығы осы жылдың сәуір айында 53,38 Мбит/секундты құрады. Өткен айдың көрсеткішімен салыстырғанда өсім 10% көрсетті, ал бір жылда 72,8%-ға жетті. Қазақстан аталмыш рейтингте 95-орыннан 86-орынға көтерілді. Осылайша, рейтингтегі 134 мемлекеттің ішінде айлық өсімінің қарқыны жағынан 10-орыннан көрінді. Ал айлық өсім жағынан ең жоғары көрсеткіш Брунейдің еншісінде. Бұл ел бірден көрсеткішін 23 позицияға жақсартқан", - делінген зерттеуде.
ЕАЭО мен Орталық Азия елдерінің ішінде рейтингте айтарлықтай өсім Қырғызстан (+8), Беларусь (+5) және Өзбекстаннан (+4) байқалады. Сонымен бірге көрсеткішін жақсартқан елдердің ішінде Тәжікстан (+3) және Ресей (+1). Ал Армения өткен аймен салыстырғанда 4 позицияға кейін сырғыған.
Қазақстанда 2021 жылдың сәуірінде мобильді интернеттің жылдамдығы 27,01 Мбит/секундты құрап, алдыңғы аймен салыстырғанда 22,5% артқан еді. Ал бір жыл бұрын рейтингте Қазақстан тіпті 103-ші орында тұрған.
Мобильді интернеттің жылдамдығы жағынан барлық мемлекеттің алғы шебінде БАӘ (190,87 Мбит/сек), одан кейін Оңтүстік Корея (186,06 Мбит/сек) мен Катар (181,43 Мбит/сек) тұр.
ЕАЭО мен Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанның алдына тек Армения (82-орын - 29,38 Мбит/сек) шыққан. Қазақстаннан кейінгі орында Ресей (87-орын - 26,86 Мбит/сек), Қырғыз Республикасы (93-орын - 24,51 Мбит/сек) бар.
Беларусь, Өзбекстан мен Тәжікстан позицияларының жақсарғанына қарамастан жаһандық рейтингте 119-шы, 124-ші және 127-орында орналасқан.
Аян Бекенұлы