Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс барысында Қазақстан мен Иордания арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мәселелері қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Соның ішінде, Иорданиямен еркін сауда аймағын құру туралы келісім жасау мүмкіндігі талқыланып, бұл бастама қолдау тапты. Сауда және интеграция министрлігі осы ұсынысты Еуразиялық экономикалық комиссияға жолдап, оны ЕАЭО елдерімен келіссөздер жүргізетін болады.
Сонымен қатар, ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету шаралары назарға алынып, Қазақстан аумағынан бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль және теміржол көлігімен сыртқа шығаруға қойылған тыйымның мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды.
Отырыс барысында азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де қарастырылды. 1 сәуірден бастап 6 ай мерзімге Қазақстан аумағына жұмыртқа әкелуге уақытша тыйым салынатыны белгілі болды.
Картоп бағасының құбылмалылығын және маусымдық қордың азаюын ескере отырып, ВАК мүшелері жаңа өнім жиналғанға дейін үшінші елдерден картопты бажсыз әкелу мүмкіндігін қарастырды. Осыған байланысты тиісті өтініш Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберілмек.
Ет өнімдерін өндіруді арттыру мақсатында аналық мал басын сыртқа шығаруға тыйым салу мерзімі ұзартылып, бұқалар мен қошқарларды экспорттауға сандық шектеу енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл шектеулерге қатысты тиісті бұйрық Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан шығарылатын болады.