Иран Президентімен өткен кездесуде тараптар Масуд Пезешкианның 2025 жылғы 10–11 желтоқсанда Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру барысын жан-жақты талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен өткен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттары, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Қазақстан мен Иран арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Ержан Көшербаев Қазақстанның Иран Ислам Республикасымен дәстүрлі достыққа, тату көршілікке және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бейілді екенін жеткізді. Сонымен қатар Иран мен өңір елдерінің тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөліне назар аударылды.
Ержан Көшербаев Иран мен АҚШ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында қол жеткізілген келісімдердің өңірлік тұрақтылықты нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.