Қазақстан мен Ирландияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
"Ширек ғасырда мемлекеттеріміз арасындағы қатынас сенімді деңгейге жетті: екіжақты байланыс дамып келеді, елдеріміздің сыртқы саяси және бейінді мекемелері арасындағы ынтымақтастық нығайды, шарттық-құқықтық база кеңейді. Астана халықаралық қаржы орталығын құру аясында халықаралық қаржы саласындағы өзара іс-қимыл ілгеріледі", – деп жазылған Қазақстан Республикасы мен Ирландия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнауының 25 жылдық мерейтойына арналған коммюникеде.
Қазақстан Ирландияның халықаралық инвестиция тарту және жоғары технология, коммуникация мен ауыл шаруашылығы салаларындағы трансұлттық компаниялардың жұмысына қолайлы жағдай жасау тәжірибесіне қызығушылық танытады.
Көпжақты ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара қолдау көрсету де – Қазақстан-Ирландия қатынасының аса маңызды бөлігі.
Жалпы екіжақты ынтымақтастықтың зор әлеуетін назарға ала отырып, Қазақстан Ирландиямен жан-жақты қатынасты күшейтуге және кеңейтуге бағытталған сыртқы саяси бағдарды ұстанады.