Испания орталығындағы Монтес-де-Толедо өңірінде Орталық Азия көшпелілерінің дәстүрлі тұрғын үйі – киіз үй құрылды. Испаниялық EFE басылымының хабарлауынша, бұл – Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті қорының Кармен Арнау Муро қорына сыйлығы.
Киіз үйдің диаметрі 6,5 метр, ал биіктігі 4 метрге жетеді, іші қазақтың ұлттық жабдықтарымен, әшекейлерімен толтырылған. Киіз үй – Сібір халықтары мен Орталық Азия мәдениеттерін зерттеуге арналған екі музейдің бірі және антрополог Кармен Арнау қоры орналасқан Лас-Вентас-кон-Пенья-Агилера қаласына орнатылды. Сібір мен Орталық Азияға 20 рет экспедиция жасаған Арнау киіз үйді әсерлі деп атаған.
"Бұл – үлкен қуаныш, бұл – ғажайып. Екі жыл бойы хат жазып, киіз үй сұрап едім. Қалауым орындалды", – дейді ол.
Киіз үйді құру рәсіміне Қазақстанның Испаниядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев, Қазақстан делегациясы, музыканттар мен жергілікті қазақ диаспорасы қатысты. Олар қазақтың әдет-ғұрпын көрсетіп, этнографиялық музейге келушілерге ашық аспан астында қазақтың тағамдары мен сусындарынан дәм татқызды.