Кейінгі жылдары Қазақстанға келетін Италия азаматтарының саны артып келеді. Мәселен, 2022 жылы елімізге 8,7 мыңнан астам турист келсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 15 мыңға дейін өсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
TTG Travel Experience көрмесіне 75 елден 1000-нан астам байер мен 67 мыңға жуық келуші қатысты. Сондай-ақ 66 елден 2 700 экспонат қойылған. Қазақстан стендінде отандық 4 жетекші туроператор қызметтерін ұсынды. Көрме қорытындысы бойынша 25-тен аса келісім жасалып, Қазақстанға 2 мыңнан астам турист келеді деп жоспарлануда.
Көрменің ашылу салтанатына Италия туризм министрі Даниэла Сантанкенің шақыруымен ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев та қатысты. Сонымен қатар Қазақстан стендіне Қазақстанның Италия, Мальта және Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев келіп, көрменің елімізді халықаралық деңгейде ілгерілетудегі маңызын атап өтті.
"Қазақстанның аталған көрмеге қатысуы туристік ағынды кеңейтіп қана қоймай, елімізді әлемдік туристік картада бірегей бағыт ретінде одан әрі ілгерілетуге және жаңа әлеуетті ынтымақтастықты орнатуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Мәселен, көрмеде Қазақстанның туроператоры бір ғана келісімшарт аясында мыңнан аса турист әкелу туралы келісім жасады", – деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
TTG Travel Experience көрмесіне қатысу Қазақстанға халықаралық туристер үшін Орталық Азияның негізгі бағыттарының бірі ретінде өзінің орнын нығайтуға және еуропалық әрі әлемдік туристік индустрия өкілдерімен жаңа іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік береді.