Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапары аясында Bonifiche Ferraresi компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федерико Веккьони Қазақстанның аграрлық секторындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқыға салды. Президент еліміз бидай өсіру бойынша көшбасшы елдердің қатарына кіретінін атап өтті.
Оның айтуы бойынша, Қазақстан Италияға негізгі бидай жеткізуші мемлекеттердің бірі, сондай-ақ ел ішінде астық өңдеу үлесін арттыруды жоспарлап отыр. Өз кезегінде Федерико Веккьони компанияның Қазақстанда италиялық технологияларды қолдана отырып, дәнді дақылдарды өсіру және өнімді одан әрі терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мамандар даярлауға және технология трансфертіне қатысты жоспары туралы айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметтің компанияға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұдан бөлек, италиялық компания интенсивті бау-бақша шаруашылығын және тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.