Қазақстан Израильге 500 мың тоннаға дейін бидай экспорттауға дайын

285

Бұл туралы Иерусалимде өткен Қазақстан-Израиль үкіметаралық комиссиясының оныншы отырысында мәлім болды.

Қазақстан Израильге 500 мың тоннаға дейін бидай экспорттауға дайын Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстан Израильге 500 мың тоннаға дейін азық-түлік бидайын жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуға ниетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесуде екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайту және агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгізу мәселелері қаралды.

Қазақстанның экспорттық әлеуеті туралы "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК басқарма төрағасының орынбасары Самат Теңбаев баяндады.

Оның айтуынша, Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау географиясын кеңейтіп келеді. Қазір отандық өнім әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Сауда байланыстарын дамытуда Еуропа, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына басымдық беріліп отыр.

Биылғы астық түсімі экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда ақуыз бен желімтік мөлшері жоғары, халықаралық нарықта сұранысқа ие азық-түлік бидайының жеткілікті қоры қалыптасқан. Бұл өнім Израильдің астық өңдеу кәсіпорындары үшін де қызығушылық тудырып отыр.

"Израиль нарығының сұранысы мен қажеттілігін ескере отырып, 200 мыңнан 500 мың тоннаға дейін азық-түлік бидайын және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға дайынбыз", – деді Самат Теңбаев.

Сонымен қатар тараптар экспорттық жүктерді тасымалдау жолдарын талқылады. Қазақстандық өнімді Израильге жеткізу үшін Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін көлік дәлізін, сондай-ақ Балтық теңізі порттары арқылы балама бағыттарды пайдалану ұсынылды.

Израильдің астыққа деген сұранысы жоғары. Ел жыл сайын 2 миллион тоннадан астам бидай сатып алады. Бұдан бөлек, майлы дақылдар, арпа мен жүгеріге де тұрақты сұраныс бар. Бұл Қазақстан үшін экспорт бағыттарын әртараптандырып, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.

Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы саласындағы технологиялық ынтымақтастық мәселесі де қозғалды. Қазақстан Израильдің су ресурстарын тиімді пайдалану тәжірибесін игеруге мүдделі.

Атап айтқанда, суды үнемдейтін суару жүйелерін енгізу, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану, өндірісті цифрландыру және ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні қолдану бағыттары қарастырылды.

Израильдің озық технологияларын Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайына бейімдеу су шығынын азайтуға, өндіріс тиімділігін арттыруға және агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін көтеруге ықпал етуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу