Бұл – ТМД елдері инновациялық ынтымақтастығының мемлекетаралық мақсаты бағдарламасы аясында өткен стратегиялық конференция. Іс-шара "Экономиканың нақты секторында және әлеуметтік салада инновациялық кәсіпкерліктің ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін пайдаланудың үздік тәжірибелері. ТМД елдері бизнесінің өзара іс-қимыл нысандары. Кооперация арқылы Локализация" деп аталады.
"Мысалы, шетелдіктер бүгін антикоррозиялық (жемірілуге қарсы) жабын ұсынып отыр. Астана – құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан қала болғандықтан бұл нәрсе құрылыс компанияларына қызық болады деп ойлаймын. Тағы бір компания үйлердің қаңқасын жылдам көтеретін модульді жоба ұсынып отыр. Оны да құрылыс компаниялары қарастырып көреді", – дейді Astana invest басқарма төрағасы Жанболат Кәкішев.
Журналистерге Армения мен Ресейден келген компаниялардың өкілдері жобаларын қысқаша түсіндіріп берді.
"Үш тауар түрін ұсынып отырмыз. Бірінші, хури – жасанды интеллект-көмекші. Екінші, пандемарт – онлайн іс-шараларды 3D форматында өткізуге арналған платформа. Үшінші, юкрафт – веб-сайт құрылымдаушы конструктор", – дейді армениялық Саркис Саркисян.
"Ал біздің компания брендті ілгері бастырудың экожүйесін ұсынып отыр. Бұл дегеніміз – тауарларды виртуалды әлемде нағыз керекті аудиторияға таныстыратын технология. Біз осы арқылы кез келген инфрақұрылымды, мысалы Нұр-Сұлтан қаласын виртуалды бейнелеп, бизнеске өзіне қажетті тұтынушыны табуын жеңілдетеміз", – дейді ресейлік Татьяна Сльверова
Халықаралық компаниялардың мамандарының айтуынша, бүгінде Қазақстанда цифрландыру ісі жақсы жолға қойылған. Сондықтан инвесторлар цифрлық жобаларды көп ұсынып отыр.
"Менің ойымша, Қазақстан цифрландыру ісі бойынша ТМД елдерінің инвесторларын қызықтырады. Мұнда цифрландыру тәжірибесі жақсы жүзеге асып жатқанын байқадым", – дейді Еуразиялық экономикалық комиссия өкілі, Мәскеуден келген Асқар Жаппарқұлов.