Қазақстан-Канада сауда айналымы 730 млн долларға жетті

503

Өткен жылы өзара сауда көлемі 34%-дан астам өсіп, шамамен $500 млн-ды құрады.

Қазақстан-Канада сауда айналымы 730 млн долларға жетті Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Канада Премьер-Министрінің ЕО және Еуропа бойынша арнайы уәкілі, Канаданың Франциядағы Елшісі Стефан Дион Қазақстан-Канада ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов екі ел арасында кешенді сауда-экономикалық әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылы өзара сауда көлемі 34%-дан астам өсіп, шамамен 500 млн долларды құрады. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 730 млн долларға жетті.

Сонымен қатар Қазақстан экономикасына тікелей канадалық инвестициялар көлемі де арта түсуде, бұл көрсеткіш өткен жылы 385 млн доллардан асты.

"Біз инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және өзара сауда көлемін ұлғайту бағытында әлеуеттің зор екенін көріп отырмыз. Қазақстан экономиканың түрлі секторларындағы өз өнімдерінің 45 түрін жеткізу көлемін 255 млн долларға ұлғайтуға дайын", - деді Әлихан Смайылов.

Стефан Дион, нақтырақ айтқанда, энергетика секторындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларына, оның ішінде ЖЭК және декарбонизациялауды дамыту жөніндегі іскерлік байланыстардың келешектегі жай-күйіне тоқталды.

"Бұл – Қазақстан үшін де, әлемдік қоғамдастық үшін де өте маңызды қадам. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Атап айтқанда, "таза" сутегіне және басқа да тұрақты отынға көшу қызығушылық тудырып отыр", — деді Стефан Дион.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу