Қазақстан қант импортын тоқтатпайды

146

Еліміз қантты негізінен Ресейден импорттайды. 

Қазақстан қант импортын тоқтатпайды Фото: ТАСС

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында биыл қант қызылшасының рекордтық өнімі күтілетінін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осыған байланысты тілшілер "Рекордтық өнімнің арқасында елімізде қант бағасы арзандай ма? Отандық зауыттар қант қызылшасының үлкен көлемін игере ала ма?" деп нақтылады.

"Қант қызылшасын жинау науқаны жүріп жатыр. Оны өңдеуде көптеген мәселе бар. Бірақ біз бұның бәрін шештік. Ақсу зауытын қосамыз, яғни, Меркі зауыты қант қызылшасының 450 мың тоннасын өңдейтін болады, 150 мың тонна бойынша қуат жетпейтін жерлерде Жамбыл және Жетісу облыстарына жеткіземіз. Ол үшін субсидиялайтын боламыз. 100-150 мың тонна Жетісу облысындағы Ақсу зауытында өңделетін болады", – деді министр.

Журналистер биыл Қазақстан шетелден қант импорттамайтын бола ма деп сұрады.

"Біздегі қант тұтыну қажеттілігі – 535 мың тонна. Қант қызылшасынан орташа алғанда қанттың 12 пайызы алынады. Шамамен 35-38 пайызға қамтамасыз ететін боламыз, қалғаны импорт болады. Негізінен Ресейден аламыз", – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстан қантпен өзін-өзі 40%-ға қамтамасыз ететінін, қалғанын сырттан импорттайтынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу