Қазақстанның Энергетика министрлігі АҚШ-тың "Лукойлға" қарсы санкцияларынан кейін Қарашығанақ жобасы үшін тәуекелдерді азайту бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан "Лукойлға" қатысты американдық санкциялардың Қарашығанақ жобасын әзірлеуге теріс әсерін барынша азайту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, Қазақстан тарапы бұл мәселе бойынша ресми құжаттарды жіберген.
Сонымен қатар, Рейтерс агенттігі "Лукойлдың" санкциялар аясында компаниямен операцияларды аяқтау мерзімін ұзарту үшін АҚШ Қаржы министрлігіне жүгінгенін жазды.
"Лукойл" компаниясының сайтындағы мәліметке сүйенсек, мұнай компаниясы Қазақстандағы бірнеше жобаға қатысады.
Олар: Қарашығанақ, Теңіз және КҚК. Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнын игеруге Лукойл 1997 жылы қосылған. Дәл сол жылы ол Атыраудағы Теңіз жобасына да кірген.
Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ы КҚК арқылы тасымалданатын болса, консорциумның 12,5%-ы "Лукойлға" тиесілі.