Қазақстан қарулы күштері боксшыларды марапаттады

640

Қазақстан қарулы күштері боксшыларды марапаттады

Қазақстанның қарулы күштерінде құрлық әскерінің бокстан IV ашық турнирі аяқталды, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан армиясының 25 жылдығына арналған сайыста үздік былғары қолғап шебері атағына сегіз салмақта шамамен 70 әскери қызметші бақ сынасты. Дода халықаралық бокс федерациясының АIBА халықаралық ережелерімен өткізілді.

Боксшылар 56, 60, 64, 69, 75, 81, 91 келіге дейін және 91 келіден жоғары салмақта әрқайсысында 10 әскери қызметшіден құралған команда құрамында өнер көрсетті. Сайыс барысында спортшылар арасында ымырасыз бәсеке болды. Бұл жарыста ең мықтылар әрі жақсы дайындалғандар анықталды.

Жекпе-жекті бақылап отырған бокстан олимпиада ойындарының чемпионы Бақтияр Артаев Қазақстан қарулы күштері әскери қызметшілерінің дене даярлығының деңгейі жоғары екенін және жалпы Қазақстан армиясында бокстың дамып келе жатқанын айтып өтті.

Жалпы командалық есепте десанттық-шабуылдау әскерлерінің командасы жеңімпаз атанды. "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының командасы екінші орынды еншілесе, турнирге алғаш рет қатысқан ҚР Ұлттық ұланының боксшылары үшінші орынды місе тұтты. Шеберліктің жоғары деңгейін паш еткен Құрлық әскерлерінің әскери институты мен ҚР ҚМ Кадет корпусының командалары үшін де бұл турнир алғашқы болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу