Қазақстан Қарулы күштерінде 7 мыңға жуық әйел әскери қызмет атқарады

363

Бүгінде әйелдер Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып, елдің қорғаныс қабілетін арттыруға өз үлесін қосып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Қарулы күштерінде 7 мыңға жуық әйел әскери қызмет атқарады  Фото: gov.kz

Олар ер азаматтармен бірге әскери қызметтің түрлі бағыттарында абыроймен еңбек етуде. Қазіргі уақытта Қазақстан армиясында 7 мыңға жуық әйел қызмет етеді. Олардың мыңға жуығы – офицер, ал 6 мыңнан астамы келісімшарт негізінде әскери қызмет өткеруде. Сондай-ақ 11 әйел басшылық қызметтерді атқарады.

Әйел әскери қызметшілер Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектерінде еңбек етеді. Олар әскери медицина, психология, қаржы, заң, байланыс, кадр ісі, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, іс жүргізу және ақпараттық технологиялар салаларында жауапты міндеттерді орындап келеді. Бұл олардың әскери басқару жүйесіндегі маңызды бағыттарда да табысты қызмет атқаратынын көрсетеді.

Соңғы жылдары әйелдердің әскери саладағы мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. Бүгінде олар жауынгерлік қамтамасыз ету бөлімдерінде қызмет етіп, штаб офицері, нұсқаушы, ұшқыш, мерген және арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшісі сияқты күрделі мамандықтарды игеруде. Сонымен қатар парашютпен секіріп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастырып, басқарып, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге қатысып жүр.

Әскери қызметті таңдаған қыз-келіншектер үшін кәсіби білім алуға қажетті жағдайлар жасалған. 2002 жылы Құрлық әскерлерінің әскери институтында алғаш рет "Байланыс" мамандығы бойынша әйел әскери мамандар даярланды. Сол түлектердің басым бөлігі бүгінде де әскери қызметте қалып, жоғары офицерлік шендерге, оның ішінде полковник дәрежесіне дейін көтерілген.

Әйелдерді әскери мамандықтарға даярлау жұмысы қазір де жалғасып жатыр. 2023 жылдан бастап екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты әскери-медициналық факультетке қыздарды қабылдай бастады. Оқуды аяқтаған түлектерге "лейтенант" алғашқы офицерлік атағы беріліп, олар Қазақстан Қарулы күштерінде қызметін жалғастырады. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамада әйелдерді мерзімді әскери қызметке міндетті түрде шақыру қарастырылмаған. Қазіргі уақытта мұндай талапты енгізу мәселесі күн тәртібінде жоқ.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, келісімшарт негізінде әскери қызметке орналасқысы келетін азаматтар қабылдау тәртібі, қойылатын талаптар және қызмет өткеру шарттары туралы толық ақпаратты тұрғылықты жеріндегі жергілікті әскери басқару органдарынан немесе әскери бөлімдерден ала алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу