ҚР Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен Қарулы Күштердің құрамалары мен әскери бөлімдері "Айбалта – 2019" ірі ауқымды стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының өткізілуі аясында оқу белгісі бойынша көтерілді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Оқу-жаттығудың маневріне шамамен 8000 әскери қызметші және 2000-нан аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника, майдандық және армиялық авиация, Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Арнайы операциялар күштері, арнайы әскерлер мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері мен бөлімшелері тартылды.
Стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуға қатысушылар құрамдастырылған тәсілмен, өз жүрісімен, теміржол көлігімен, әскери-көлік авиациясының ұшақтарында көрсетілген ауданға қозғалыс жасап, белгіленген ауданға шоғырланып, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға кірісті.
Әскерлердің теміржол көлігімен қозғалуы үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Оған 20-дан аса әскери эшелон тартылды. 8 лек құрамында автомобильді көлікпен 400-ден аса бірлік әскери техника марш жасады. Қозғалыстың ұзындығы 300-ден бастап 1000 шақырымнан асады.
Оқу-жаттығудың өткізілуі орнында шынайы жауынгерлік іс-қимылдарға жақындатылған заманауи қарулы қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып, жағдай модельденді.
"Айбалта – 2019" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Алматы облысының "Көктал" оқу-жаттығу полигонында 3 мамырға дейін өткізіледі.