Қазақстан қаржы нарығына кіру мүмкіндіктері кеңейеді

806

Қазақстан қаржы нарығына кіру мүмкіндіктері кеңейеді

Қазақстанның Ұлттық банкі Лондонда еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды 24.kz. 
Конференция Қазақстан Республикасы мемлекеттік құнды қағаздарын Clearstream жүйесінің құнды қағаздар тізіміне енгізу жобасымен тұспа-тұс келді. 
Бұл жоба Қазақстан заңнамасына сәйкес теңгеде шығарылған барлық мемлекеттік құнды қағаздар бойынша есепті Clearstream арқылы жүргізуге мүмкіндік береді. Clearstream – бұл халықаралық төлем жүргізу жүйесі. Ол шетелдік инвесторлардың Қазақстан қаржы нарығына кіру мүмкіндіктерін кеңейтпек. Жүйенің іске қосылуы, қазақстандық мемлекеттік облигацияларға сұранысты көбейтіп, олардың өтімділігін және сыртқы нарықтағы тартымдылығын арттырады. 

"Портфельдік менеджерлер мен нарықты қалыптастыратын трейдерлерден нарыққа шығу жолының кеңеюін қалайды. Ниетін аңғарып, осындай мүмкіндік беріп отырмыз", - дейді  Clearstream Banking SA атқарушы директоры Рассел Каллауэй.

Конференция Bloomberg компаниясының қолдауымен өтті. Кездесу барысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев басқарған қазақстандық делегация елдегі экономикалық жағдайы жайлы, монетарлық және фискалды саясатты жүзеге асыру туралы баяндады.

"Меніңше, бүгінгі шара табысты өтті. Өте қызықты таныстырылымдар болды. Бүгін макро және микрокөзқарастардың қиылысқаны да қуантады. Сонымен қатар біздің инфрақұрылымның ерекшеліктеріне арналған Қазақстан қор биржасының таныстырылымы өткені де өте жақсы дер едім. Ұлттық банк басшылығы Clearstream жүйесімен орнатылған байланыс өз жемісін беріп, нарығымыздағы оң трендтерді сақтауға септігін тигізеді деп сенеді", - дейді ҚР Ұлттық банкі монетарлық операциялар департаментінің  директоры Әлия Молдабекова.

Конференция соңында шетелдік инвесторлар өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу