Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы теңге бағамына қауіп төндіретін факторларды атады

1189

Теңгеге тағы да қысым жасалады.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы теңге бағамына қауіп төндіретін факторларды атады Фото: Inbusiness.kz

Ақпан айында сұраныс пен ұсыныс теңгерілген жағдайда валюта бағамы 1 доллар үшін 457 теңге болуы мүмкін. Ал алдағы бір жылда теңгелік активтердің тартымдылығы айтарлықтай төмендейді. Өйткені, елде базалық ставка жыл ішінде бірнеше рет түсуі болжанып отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бұл сәйкесінше депозит табысының аз болатынын көрсетеді. Оның үстіне, биыл Қазақстанда бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Ол үшін елде жоқ құрал-жабдықтар сырттан алынатындықтан, шетел валютасы қолданылады. Осылайша импорт өсіп, ірі төлемдердің нәтижесінде 1 доллар 484 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Бүгін мұндай болжамдарды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы айтты.

"Қысқа мерзімді болжамдар бойынша әрине біздегі жағдай тұрақты. Осы тұста тағы бір маңызды мәселені айтқым келіп тұр. 2024-2025 жылдар аралығында Қаржы министрлігі еурооблигациялар бойынша сыртқы қарыздарды өтеуі мүмкін. Бұл құнды қағаздарды төлеу үшін шетел валютасын ішкі нарықтан сатып алады. Осылайша, теңгеге тағы да қысым жасалады", - дейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының аға сарапшысы Рамазан Досов. 

Айта кетейік, былтыр еліміздің мұнай нарығы үшін аумалы-төкпелі жыл болды. Ал биыл қара алтынның құны бір баррель үшін шамамен 86 долларға дейін баруы мүмкін дейді сарапшылар. Қазір мұнайдың бір баррелі шамамен 78-79 долларға сатылып жатыр. Былтыр баға бірнеше рет 70 доллар болған еді. Жалпы мұнай бағасына геосаяси ахуал мен ОПЕК-тің шешімдері әсер етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу