Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек келісім аясында Қазақстан Қатарға өз полигонын беретінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутаттар Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялаған болатын.
"Қазақстанда не көп? Полигон көп. Бірақ Қатарда полигон жоқ, Аль-Удейд деген әскери база ғана бар. Қатарда қандай әскери полигон бар? Қатарда армия жоқ. Ол жақтың әскері 85 пайыз шетелдіктерден тұрады. Бұл келісімшартты бекіту ОДКБ-ның шартымен қалай ұштасады?", - деді депутат Бақытжан Базарбек.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің сөзінше, келісім негізінде Қатардың полигонын қолдану мақсаты жоқ. Ол Қазақстан полигоны Қатардың әскери қызметшілеріне қолдануға берілетінін айтты.
Алайда мәжілісменнің ведомство өкілінің жауабына көңілі толмады.
"Бесінші бапта Қатарға біз өзіміздің полигонымызды беретініміз, ал Қатар бізге өздерінікін беретіні анық жазылып тұр. Бапты оқыңыз", - деп атап өтті Бақытжан Базарбек.
Дархан Ахмедиев Қазақстан жақын арада Қатар елінің әскери полигонын қолданбайтынын айтты.
"Біз өзіміздікін пайдалануға беріп отырмыз. Бұл тұрғыда Қатар мемлекеті полигонды жандандыруға қаражат бөледі", - деді ол.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің сөзінше, ратификацияланған келісім ОДКБ келісімшартына қайшы келмейді.