Қазақстан ислам әлемі елдерімен экономикалық әріптестікті нығайтуда

170

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан делегациясын XVII "Ресей – Ислам әлемі: KazanForum" халықаралық экономикалық форумында бастап барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан ислам әлемі елдерімен экономикалық әріптестікті нығайтуда Фото: gov.kz

Форум аясында ведомство басшысы Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен, сондай-ақ Шуваш Республикасы мен Мордовия Республикасы басшылығымен кездесулер өткізді. Келіссөздердің негізгі тақырыптары сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистика байланыстарын дамыту және Halal-индустрия саласындағы бірлескен жобалар болды.

"Ресей Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі болып қала береді. Біз цифрландыру, өнеркәсіптік кооперация, логистика және сауда салаларында үлкен әлеуетті көріп отырмыз және осы бағыттардың барлығы бойынша белсенді бірлескен жұмыс жүргізілуде", – деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Қазақстан форум барысында елдің экспорттық және инвестициялық әлеуетін, сондай-ақ жасанды интеллект пен экономиканы цифрландыруды дамыту стратегиясын таныстырды. Сауда ынтымақтастығын кеңейту, инвестициялар тарту және қазақстандық өнімдерді сыртқы нарықтарға ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар Halal-индустрияны дамытуға да айрықша көңіл бөлді. Halal стандарттары мен сертификаттарын өзара мойындау, стандарттау инфрақұрылымын бірлесіп дамыту және қазақстандық Halal өнімдерін Ресей нарығында ілгерілету мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Арман Шаққалиев Мысырдың сауда және өнеркәсіп министрімен кездесу өткізіп, оның барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және экспорттық жеткізілімдерді дамыту перспективалары қарастырылды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу