Қазақстан келер жылы "Баку-Тбилиси-Джейхан" құбыры арқылы мұнай жөнелтеді

703

Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыру жөніндегі арнаулы жол картасын әзірледі. Бұл жайында Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингте Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Қазақстан келер жылы "Баку-Тбилиси-Джейхан" құбыры арқылы мұнай жөнелтеді Фото: report.az

"Бұл Ақтау порты арқылы Баку порты бағыты және одан ары Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы жөнелтіледі", - деді Үкімет басшысы БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Премьер-Министрдің айтуынша, Баку порты арқылы Қазақстан мұнайын Баку-Супса және Баку-Батуми мұнай құбырлары арқылы да тасымалдауға мүмкіндік бар. Бұған қоса Атыраудан темір жол арқылы Батумиге және Өзбекстанға мұнай экспорттауға болады. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасына да мұнай экспортталады. Қазіргі уақытта дәл осы бағыттарда мұнай экспорты әлеуетін кеңейту және арттыру жұмысы жүргізіліп жатыр.

"Атап айтқанда, қазіргі уақытта бізде келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай жөнелту уағдаластығы бар. Алдағы уақытта оны 6-6,5 млн тоннаға дейін арттыру мәселесі де пысықталып жатыр", - деді Әлихан Смайылов.

Бұдан өзге Үкімет басшысы "Теңізшевройл" компаниясы цистерна вагондар санын екі есеге арттырып, Батуми мен Өзбекстанға темір жолмен мұнай жөнелтуді қолға алғанын жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу