Ресейлік серіктестермен арада ешқандай риск байқалмайды. Ресейге қатысты салынған санкциялар уран мен атом саласына бағытталмаған, бұл туралы 19 тамызда өткен брифинг барысында компания басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ержан Мұқашев хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
"Жағдай (Ресей мен Украина соғысы – авт.) өте күрделі. Тау-кен дайындық жұмыстары мен өндіріс кестелерінің өзгеру қаупі әлі де бар. Дайын өнімді Санкт-Петербург қаласының порты арқылы тасымалдау бөлігінде айтарлықтай шектеулер жоқ. Егер осы негізгі бағытымыз бір себептермен қолжетімсіз бола қалған жағдайда, компанияда қатерді жоюға әзір, шаралар қабылданды. Мысалы, 2018 жылдан бері компания сәтті пайдаланып келе жатқан балама Транскаспий халықаралық көлік бағдарын пайдалануды айта аламыз", − деді Мұқашев.
Дегенмен тау-кен дайындық жұмыстары мен жеткізу тізбегіндегі қиындықтар екінші жартыжылдықта да сақталса, жыл соңындағы өндірістің қорытынды көлемі мақсатты деңгейден төмен болуы мүмкін екенін атап өтті.