Қазақстан КҚК-ны айналып, мұнай экспорттайтын бағыт іздеп жатыр

320

Әзербайжан қазақстандық мұнайды қабылдау көлемін шамамен екі есеге арттыруға дайын екенін мәлімдеді.      

Қазақстан КҚК-ны айналып, мұнай экспорттайтын бағыт іздеп жатыр Фото: caspiannews.com

Баку – Тбилиси – Джейхан жүйесі арқылы жылына шамамен 1,2 млн тонна мұнай тасымалданады. Әзербайжан тарапы қабылдау көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға ниетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Шілде айында Каспий құбыры консорциумы арқылы мұнай тасымалдауға шектеу қойылды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, осыған байланысты экспорт көлемінің бір бөлігі басқа бағыттарға бөлінген. Мұнайдың бір бөлігі Ақтау порты арқылы жөнелтілді. Сонымен қатар Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры арқылы Қытайға және Атырау – Самара бағыты пайдаланылды.

Қазір Қазақстан қара алтынды балама бағыттарға бұрып жатыр. Бұл жайлы Энергетика министрінің кеңесшісі – ресми өкілі Әсел Серікпаева мәлімдеді. Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры мен Каспий теңізі арқылы Әзербайжан бағыты, сондай-ақ Баку – Супса бағытында тасымалдау қарастырылады. Соңғы бағыт қазірдің өзінде қолданылып келеді. Ол арқылы жылына шамамен 1,2 млн тонна қазақстандық мұнай экспортталады.

КҚК терминалы әлі де Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі бағыты болып отыр. Оны балама маршруттармен толық алмастыру әзірге мүмкін емес.

Шілдеде Новороссийск маңындағы терминалға қатысты жағдай күрделене түсті. Бұған мұнай тасымалдайтын танкерлерге жасалған дрон шабуылдары себеп болды. Қауіпсіздікке байланысты мұнай тиеу жұмыстары бірнеше рет уақытша тоқтатылып, шілдедегі экспорт көлемінің бір бөлігі кейінге қалдырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу