Қазақстан қой етін қай елдерге экспорттайды?

422

​2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстаннан қой етінің экспорты 35,4 млн долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе көп. Экспорт көлемі 9,3 мың тоннадан 12,1 мың тоннаға жетіп, 29,5%-ға артты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Tradereport Телеграм арнасына сілтеме жасап.

Қазақстан қой етін қай елдерге экспорттайды? Фото: ЖИ

Өсімнің басты себебі ретінде Өзбекстан нарығы аталды. Қазақстаннан көршілес елге қой етінің экспорты 11,9 млн доллардан 33,6 млн долларға дейін, яғни 2,8 есеге ұлғайған. Оған жалпы экспорттың 94,9%-ы тиесілі.

Қалған бағыттарда көрсеткіштің төмендеуі байқалып отыр. Мысалы, БАӘ-ге экспорт шамамен екі есеге азайып, 2,1 млн доллардан 1,1 млн долларға түскен. Қатарға жеткізілім 66%-ға төмендеп, 417,8 мың долларды, ал Тәжікстанға экспорт 43%-ға азайып, 227 мың долларды құрады. Сонымен қатар былтыр белсенді сатып алушы болған Қырғызстан, Иран және Кувейт нарықтарына да биыл қой еті жөнелтілмеген.

Сарапшылар мұны Өзбекстандағы ет бағасының қымбаттауымен байланыстырып отыр. Биыл наурыз айының қорытындысы бойынша көршілес елде сиыр еті бір жыл ішінде 15%-ға, ал қой еті 18%-ға өскен. Өзбекстан ет импортын 2025 жылдан бері қарқынды арттырып келеді. Биылғы 1 сәуірден бастап Өзбекстан үкіметі сиыр және қой етін әуе арқылы тасымалдау шығындарының 50%-ын субсидиялай бастады. Алайда бір келі етке төленетін өтемақы 0,8 доллардан аспайды. Бұл шарасы 2026 жылдың 1 тамызына дейін ғана жалғасады. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін ірі қара мал импортын субсидиялау да жалғасын таппақ.

"Қазақстандық қой еті Өзбекстанға бұл елде жаңа әрі тұрақты нарық қалыптасқандықтан емес, Ташкенттің азық-түлік инфляциясын тежеу үшін логистикалық шығындардың бір бөлігін уақытша өтеп отырғандықтан жеткізіліп жатыр. 2025 жылы Астана сиыр еті экспортына квота енгізіп, ірі қара малды шетелге шығаруға тыйым салған болатын. Бұл ішкі нарықтағы ет қорын сақтау үшін қабылданған шешім еді. Қой етіне мұндай шектеу қойылған жоқ. Сол себепті көрші елдерге ет экспортын ұлғайтуға мүмкіндік берген жалғыз бағыт қой еті болып қалды", – дейді сарапшылар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу