Төрт күн бойы әлемнің 61 елінен келген 500-ге жуық спортшы жүлдеге таласқан болатын. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан командасы 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен төртінші орын иеленді, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Жарыстың алғашқы күнінде 50 келідегі Нұрқанат Серікбаев чемпион атанса, 70 келіден жоғары салмақта белдесетін Мадина Парагульгова күміске қол жеткізді.
Әлима Жұмағалиева (40 келі), Әділ Марлен (60 келі), Тілеген Тынарбай (66 келі) және Айдар Арапов (81) еншісінде қола медаль бар.
Жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Ғайнулла Есенғалиевтің айтуынша, спортшылар ел намысын абыроймен қорғап шыққан.
"Әлем чемпионаты қарсаңында бір алтын, бір қола медаль аламыз деп жоспарлаған едік. Бірақ "арық айтып, семіз шығыппыз", спортшыларымыз жалпы есебі алты жүлде жеңіп алды. Татамиге шыққан дзюдошылардың басым бөлігі 2003-2004 жылы туғандар. Олар үшін бұл ең үлкен додалардың бірі. Спортшылардың нәтижесі көңілден шығады, олар өз еліміздегі турнирді абыроймен атқарды", – дейді бапкер.
29 қыркүйек күні командалық жарыс өтеді.