Қазақстан көмір өндіру көлемін ұлғайтып, жарты триллион теңге инвестиция тартпақ

271

Қазақстан көмірінің негізгі экспорттық бағыттары: Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Малайзия және басқа да елдер. 

Қазақстан көмір өндіру көлемін ұлғайтып, жарты триллион теңге инвестиция тартпақ Фото: ria.ru

Қазақстанның көмір өнеркәсібі елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқаруды жалғастыруда. Сала ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті дамыту арқылы көмір өндіру көлемінің тұрақты өсімін көрсетіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда көмір өндіру көлемі 115 млн тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға өсті. Оның ішінде 85 млн тонна көмір ішкі тұтыну мен коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталса, экспорт көлемі 30 млн тоннаны құрады.

2026 жылы көмір өндіру көлемін 128,9 млн тонна деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр. Қазір көмір өндірумен 40 жер қойнауын пайдаланушы айналысады.

Энергетика министрлігі көмір саласына инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылы келісімшарттарға сәйкес жұмыс бағдарламалары аясындағы инвестиция көлемі 305 млрд теңгені құраса, 2026 жылы 553 млрд теңге инвестиция тарту күтілуде.

Геологиялық барлау жұмыстарын дамытуға ерекше назар аударылуда. Биылғы жылдың соңына дейін 10 жер қойнауы учаскесі бойынша көмір кен орындарына жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру жөнінде аукцион өткізу жоспарланған.

Еске салсақ, Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына кіреді және дүниежүзінде 10-орында тұр. Жалпы көмір қоры 33,6 млрд тоннаны құрайды. Қазіргі өндіру көлемін ескерсек, бұл қор елді 300 жылдан астам уақытқа жеткілікті ресурспен қамтамасыз етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу