Қытайға жұмыс сапары барысында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Қанат Алпысбаев Бейжіңде "Қытай темір жолдары" бас директорының орынбасары Ли Вэньсинмен көлік және логистика саласындағы серіктестік мәселесі бойынша кездесті, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Тараптар жыл басынан бері ҚР мен ҚХР арасындағы шекаралық өткелдер арқылы атқарылған жұмыс қорытындысын шығарып, контейнерлік пойыздарды шекаралық Қорғас-Алынкөл өткеліне бағыттап, транзиттік және экспорттық контейнерлік тасымалдауға бірыңғай тарифтік мөлшерлеме белгілеу мәселесін талқылады.
Биылғы сегіз айда Достық – Алашаңқай мен Алтынкөл-Қорғас шекаралық теміржол өткелдері арқылы 6701 мың тонна жүк өткізілсе, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда,1 520 мың тоннаға, яғни 29% артық көрсеткіш. Жыл аяғына дейін 10 миллион тоннадан астам жүк тасымалдау жоспарланып отыр. Ал 2018 жылы 12,3 миллион тонна жүк тасымалдау жоспарланып отыр.
"Биылғы жылы контейнерлік жүктерді Алтынкөл-Қорғас бағдарына қарай бағыттау қарқын алып келеді",- дей келіп Қанат Алпысбаев аталмыш бағдардағы жұмысты одан әрі белсенді жүргізуді ұсынды.
Өзара келіссөз барысында Достық-Алашаңқай арқылы қазақстандық темір жентектері мен көмірді Қытай аумағымен тасымалдауға тарифтік жеңілдіктер жасауды және Ляньюньган-Түркия бағдарына, Кавказ елдеріне Қорғас - Алтынкөл шекаралық өткелімен контейнерлік тасымалдауға қолайлы жағдайлар жасау жайы қарастырылды.
Қазақстандық тарап Ляньюньган-Түркия бағдарына контейнерлік пойызды Қазақстан аумағы арқылы жаңа Карс-Ахалкалаки теміржол желісімен ұйымдастыру көзделеді.