Қазақстанда автокөлік құрастыратын компанияның бірі акциясының 51 пайызын қытай инвесторына сатты. Бүгін тараптар тиісті құжатқа қол қойып, алдағы іс-жоспарын талқылады.
Кездесуге премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мәмин қатысты. Шетелдік мамандар жергілікті зауытты жаңғыртып, көлік құрастыруға қажетті қосалқы бөлшектер шығаруды да көздеп отыр. Нәтижесінде, елімізде сапалы әрі бағасы қолжетімді көлік өндірісі өрістей түспек.
"Бүгінде Қытай Халық Республикасы жылына 27 млн көлік шығарады. Мұнда заман талабына сай озық технологиялар барынша дамыған. Ең бастысы, біз халыққа қолжетімді техниканы құрастырамыз. Қытайлық инвесторлар Қазақстанның автокөлік нарығына қомақты қаржы құйып, біздің мамандармен өзара тәжірибе алмасады", – дейді Қазақстан автокөлік құрастыратын компаниясының өкілі Юрий Цхай.
"Жаңғыртуды биыл бастаймыз. Өндіріс толық автоматтандырылады. Зауытта құрастырылатын көліктер күллі Азия елдеріне экспортқа шығарылады. Жақсы көрсеткішке қол жеткіземіз деген үміттеміз", – дейді Қытай автокөлік құрастыратын компаниясының өкілі Ван Сю Шен.