Қазақстан қоржынына төртінші қола медаль түсті

942

Түркістанның тумасы, отандасымыз Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасының жартылай финалында жасындай жарқылдап, қолаға қол жеткізді. 

Қазақстан қоржынына төртінші қола медаль түсті

Бұған дейінгі қарсыластарын қоғадай жапырып келген спортшы ұлыбританиялық Джалал Яфаиге төрешілердің шешімімен жол берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

52 келі салмақта өнер көрсеткен Сәкен ұлт ұялатындай іс жасаған жоқ. Ол рингте барын салды. 24 жасар қазақстандықың намыстан булыққаны соншалық, төреші қарсыласының қолын көтергенде жылап жіберді. 

Айтып айтпай не керек, қос қарсылас шаршы алаңның шаңын қақты. Бір-біріне тап беріп те, құлаштап та, шегініп те соққы жасады. Бірінші раундтың ұрымтал сәттерінің бірінде Сәкен нокдаун алып, Джалал ұпай санымен алға озды. Екінші раундта 5 төрешінің үшеуі Сәкен Бибосыновтың мықтылығын мойындады. Шешуші үшінші раундта төрешілердің бүйрегі ұлыбританиялыққа бұрып кетті. Осылайша Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанып, Қазақстан қоржынына төртінші  қола медальді салды.

Сәкен Бибосынов 1997 жылы дүниеге келген. 2019 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Ол Токио Олимпиадасының жартылай финалына дейін Пуэрто-Рикодан келген Янкиель Ривераны, франциялық Биллал Беннамды, испаниялық Габриэль Эскобарды жеңді. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу