Естеріңізге салайық, Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Сәкен Бибосынов (51 келі) алтын медаль иегері атанса, Махмуд Сабырхан (54 келі) мен Серік Теміржанов (57 келі) күміс медаль олжалады. Ал команда капитаны Абылайхан Жүсіпов қола медаль еншіледі.
Әлем чемпионатында Куба бокс құрамасы – 3 алтын, 2 қола, АҚШ бокс құрамасы – 2 алтын, 2 күміс медаль ұтты. Осылайша, турнирдің қорытынды кестесінде Куба – бірінші, Қазақстан – екінші, АҚШ – үшінші орынды өзара бөлісті. Төртінші орын – Жапонияға, бесінші орын – Ресейге бұйырды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан әлем чемпионатында жеңімпаз, жүлдегер атанған қазақстандық спортшыларды twitter желісінде құттықтады.
"Бокстан әлем чемпионатында алтын алған Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосыновты, күміс олжалаған Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржановты және ұлттық құрама капитаны, қола жүлдегер Абылайхан Жүсіповті шын жүректен құттықтаймын! Елдің атын шығарған ерлерімізге табыс тілеймін!", – деді Мемлекет басшысы.
Қанат Махамбет