Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін XX жазғы Азия ойындарына 45 елден шамамен 15 мың спортшы қатысады деп күтілуде.
Байрақты додада 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан спортшылары жарыстың 35 түрінен бақ сынауды жоспарлап отыр. Кездесуде ұлттық құрамалардың дайындық барысы, халықаралық жарыстардағы көрсеткіштері және оқу-жаттығу жоспарларының орындалуы қаралды. Сондай-ақ спортшыларды медициналық, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Жыл басынан бері қазақстандық спортшылар спорттың 68 түрінен 282 халықаралық жарысқа қатысқан. Осы кезеңде 226 оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылып, жаттықтырушылар құрамын күшейту үшін 11 елден 24 шетелдік маман тартылған. Жиын соңында ұлттық құрамалардың дайындығын бақылауды күшейтіп, туындайтын мәселелерді жедел шешу қажеттігі айтылды.
Министрлік Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерацияларымен бірлесіп, Азия ойындарына сапалы дайындықты жалғастырады. Кездесу барысында федерация басшылары Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінің инфрақұрылымымен танысты.
Университетте спорт ғылымы, жаттықтырушылық, спорттық медицина, оңалту, менеджмент, журналистика және аналитика бағыттары бойынша мамандар даярлауға жағдай жасалған.