Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) ресми сайтында жаңарған рейтингін жариялады. Қазақстан құрамасы жылды 137-орынмен қорытындылады, деп хабарлайды vesti.kz.
Қараша айында жаңарған рейтингте Қазақстан құрамасы үш орынға төмендеген еді. Бұл айда тағы бір орын төмен түсті.
Ел футболы тарихындағы ФИФА рейтингіндегі ең үздік көрсеткіш өткен жылы тіркелген. Нәтиже – 83-ші орын. Ал ең төменгі нәтиже 1996 жылғы мамыр айындағы рейтингтен көрініс табады. Ол жолы 166-шы сатыда болған.
Қазақстан құрамасы 2016 жылды 98-орынмен қорытындылаған еді. Ал биыл бұл рейтингті 137-орынмен түйіндеп тұр. Бір жыл ішінде 39 саты төмен сырғыған.
Жаңарған ФИФА рейтингінің алғашқы ондығында өзгерістер жоқ. Германия құрамасы көш басында болса, екінші орында Бразилия келеді. Үштікті Португалия құрамасы түйіндеп тұр.
Жаңарған рейтингтегі ең төменгі нәтижені Никарагуа ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден 13 саты төмендеп, 119-орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішінВануату құрамасы еншіледі. Олар 28 саты жоғарылап, 157-орынға табан тіреген.
Айта кетейік, ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады. Рейтинг тарихында көш тізгінін 7 ұлттық құрама ғана иеленген. Оның бесеуі Еуропадан болса, екеуі – Оңтүстік Америка құрлығынан. Олар: Германия, Италия, Франция, Испания, Нидерланды, Бразилия және Аргентина.
2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатынан кейін рейтинг ұпайын есептеу жүйесіне арнайы өзгертулер енгізілді.