Қазақстан құрамасы жаттығуға оралуда

657

Жақын арада ұлттық құрама спортшылары оқу-жаттығу жиындарын қайта бастайды.  

 Қазақстан құрамасы жаттығуға оралуда

Жаттығу жиындары кезең-кезеңімен және барлық белгіленген қауіпсіздік шараларының толық сақталуын қамтамасыз ететін спорт базаларында ғана өтеді, деп хабарлайды olympic.kz сайты.

Спортшылар жаттығу жиынына қатыспас бұрын қауіпсіздік мақсатында COVID-19 вирусына сынақ тапсырады.  

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитеті ұлттық федерациялармен бірлесіп, Олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың мүшелеріне арналған оқу-жаттығу жиындарын кезең-кезеңімен қайта бастау туралы шешім қабылдады. ҰОК жанынан оқшауланған жоғары сапалы оқу процесін ұйымдастыру және бақылау үшін жедел штаб құрылып, Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов жетекшілік етуде. 

"Карантин кезінде жаттығу жиындарын қайта бастау үшін ҰОК, федерациялар мен спорттық базалар әкімшілігі бірлесіп еңбектенді. Спортшылардың қауіпсіздігін сақтау үшін барлық қатаң іс-шаралар қолданылады. Төтенше жағдай кезінде біздің команда спортшылары түгелдей оқшауланып, үй жағдайында жаттығу жасады.  Алайда, елдгі төтенше жағдай режимі алынған соң, команда мүшелері олимпиада жолдамасына таласу үшін күнделікті жаттығуға кірісуі қажет. Әрине, біз үшін спортшылардың денсаулығы бірінші орында қала береді. Сол себепті, команда мүшелеріне сапалы әрі қауіпсіз жаттығу процесін ұйымдастыруға міндеттіміз. Бұл ахуалдың оңай еместігін бәрі де түсінеді, сондықтан, қызығушылық танытқан тараптарға бірлесе атқарған қызметі үшін алғыс айтамыз", – дейді Елсияр Қанағатов. 

ҰОК аккредитациясынан өткен мамандандырылған спорттық базалар  Қазақстан Республикасы мемлекеттік Бас санитар дәрігерінің 10.05.2020 жылы шығарылған №36 спорттық нысандар, базалар және залдардың жұмыс істеу Алгоритмі,  "Қазақстан Республикасы тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының алдын алуға байланысты іс-шараларды әрі қарай қаталдату" туралы Қаулысына сай санитарлық-дезинфекциялы режимді қатаң сақтағанда ғана оқу-жаттығу жиындарын өткізуге рұқсат алады. 

Оқу-жаттығу жиындары кезінде нысандардың дайындығы мен талапқа қаншалықты сай келетіндігін Жедел штаб қатаң бақылауда ұстайды. 

Оқу-жаттығу жиындары кезіндегі тәуекел мен байланысты азайту мақсатында ҰОК спортшыларды қабылдайтын спорттық нысандарға арнап арнайы оқшаулау іс-шараларын дайындады. Базаға ҰСК мүшелерінен басқа адамдардың кіруіне жол жоқ. Спортшылармен байланысатын қызмет көрсетуші тарап та команда мүшелеріне секілді оқшауланады. 

База ішіндегі жұмыстарды атқаратын өзге де қызметкерлердің кез келген спортшымен байланысқа түсуіне тыйым салынады. Оқу-жаттығу жиынадарына қатысатын ҰСК-ның барлық мүшелері оқшауланады. Әртүрлі команда мүшелерімен байланысқа түсуге тыйым салынады. Сондай-ақ, спортшылар мен қызметкерлерді күніне бірнеше рет дәрігер тексереді. Ғимарат бекітілген кестеге сәйкес спортшылар жоқ кезде дезинфикцияланады.  

Ұлттық құрама командаларға да қатаң талап қойылды. Базаға келген барлық команда мүшелері бірнеше күн бойы карантин режимінен өтуге міндетті. Содан соң, ПЦР және КВИ-ге қатысты тестілеуден өтеді. Аталған кезеңдерден өткен спортшылар ғана оқу-жаттығу жиынына жіберіледі. Жаттығу жиынына қатысатын барлық тұлғалар (спортшылар, бапкерлер мен қызметкерлер) қажетті жеке қорғану құралдарымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етіледі. 

"Ақбұлақ" Олимпиадалық орталығындағы алғашқы жаттығу жиынын боксшылар бастайды. Қазіргі таңда база санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шараларын сақтап, толық дайындықтан өтті. Нысандарда санитарлық нормаларды сақтауға қатысты тексеру жұмыстары жүргізілді. 

Боксшылар жиыны аяқталған соң, оқу-жаттығу жиынына өзге командалар жіберіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу