Қазақстан құрамасының Канадаға ғана шамасы жетті

1027

Ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы бес рет ұтылып, соңғы ойында жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасының Канадаға ғана шамасы жетті Фото: fina.org

Су добынан, яғни ватерполдан Әлемдік лига додасы 2002 жылдан бері маусым сайын ұйымдастырылып келеді. 2014 жылдан бастап Әлемдік лиганың електік ойындары екіге бөлініп өткізілетін болды. Қазақстан ватерполшылары Азия, Америка, Африка және Мұхит жағалаулары елдерінің командалары додаға түсетін Құрлықаралық електік турнирде бақ сынайды.

Финалда Еуропадан төрт құрама және Құрлықаралық електік турнирде үздік шыққан төрт команда (барлығы – сегіз құрама) бақ сынайды. Биыл Қазақстан ватерполшылары финалдық кезеңге жолдама алып, Сербия астанасы Белградта әлемнің ең үздік командаларымен сынға түсті. Бас бәйге ақшалай сыйақы ғана емес, Токио Олимпиадасының жодамасы болатын.

Әлемнің ең үздік сегіз құрамасы әуелі екі топқа бөлініп, додаға түсті. "А" тобында Испания, Венгрия, Жапония және Канада құрамалары өнер көрсетті. Ал Қазақ елі ватерполшылары деңгейі жоғары Сербия, Хорватия және Австралия құрамалармен "В" тобында бақ сынады. Әрі қарсыластарының бәрінен ұтылып, соңғы орынға табан тіреді.

Нақтырақ айтқанда, Қазақстан ватерполшылары "В" тобында әуелі Хорватия қырандарынан 4:20 есебімен күйрей ұтылды. Одан соң "Жасыл Құрлық" өкілдерімен тайталасып, 5:14 есебімен жеңіліске ұшырады. Ал Сербия саңлақтарынан 6:20 есебімен ойсырай ұтылып қалды. Үш ойында 15 гол соғып, өз қақпаларынан 54 доп қармады...

Ширек финалда "А" тобында бірінші орынға ие болған Испания құрамасымен кездесіп, 10:19 есебімен тағы да жеңілістің кермек дәмін татты. Сөйтіп, жартылай финалға шыға алмай, 5-8 орындарды сарапқа салаттын төрттікте додаға түсті. Әрі Жапония жігіттерімен жолдары түйісіп, Азиядағы негізгі бәсекелестерінен де ұтылып қалды – 12:13. Өкінішті, әрине.

Бүгін 7-орын үшін Канада құрамасымен кездесіп, шектен тыс шиеленісті ойында 17:16 есебімен жеңісті жұлып алды. Ал әлемдік лига додасының финалдық матчтары әлі аяқталған жоқ. Қола жүлдені Испания және Австралия құрамалары сарапқа салып жатса, бас бәйгеге Сербия мен Хорватия қырандары таласады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу