Қазақстанда соңғы бес жылда құс етін өндіру көлемі артып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 78%-ға дейін өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір елімізде 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Алдағы уақытта жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы импортқа тәуелділікті азайту жоспарланып отыр.
Құс фабрикаларының 37-сі жұмыртқа өндіруге маманданған. Олардың жылдық өндірістік қуаты 4,5 млрд данаға жетеді. Қалған 33 кәсіпорын құс етін өндіреді. Олардың жылдық жиынтық қуаттылығы 510 мың тонна.
Жұмыртқа өндірісі бойынша Қазақстан ішкі нарықтың қажеттілігін отандық өнім есебінен толық қамтамасыз етіп отыр.
Алдағы уақытта жылына 200 мың тоннадан астам өнім өндіруге мүмкіндік беретін жаңа өндіріс орындарын іске қосу көзделген. Соның ішінде "Aitas" пен "Алель Агро" компанияларының жобалары қосымша 170 мың тонна өндірістік қуат қалыптастырмақ.
Отандық өндірушілер экспорт көлемін де арттырып келеді. Былтыр Қазақстан 32 мың тонна құс етін шетелге жеткізген. Биылғы алғашқы тоғыз айда экспорт көлемі 14,2 мың тоннаны құрады. Қазақстандық өнім ЕАЭО елдеріне, Әзербайжанға, Моңғолияға және Катарға экспортталады. Қазір Қытай нарығына шығу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құс етін жеткізу жөніндегі хаттамаға қол қойылып, отандық кәсіпорындарды Қытайдың экспорттаушылар тізіліміне енгізу мәселесі қарастырылуда.
Саланы дамыту үшін кәсіпорындарға жылдық 2,5% мөлшерлемемен 10 жылға дейін инвестициялық несие беріледі. Сонымен қатар айналым қаражатын толықтыруға арналған жылдық 5% мөлшерлемемен қаржыландыру бағдарламасы бар. Оның аясында 17 құс фабрикасына жалпы сомасы 27,2 млрд теңге бөлінген.
Биыл ет бағытындағы құс шаруашылығын қолдауға 28 млрд теңге субсидия қарастырылған. Оның 1 млрд теңгесі тәуліктік балапандар мен асыл тұқымды жұмыртқа сатып алу шығындарын арзандатуға бағытталған.
Бұдан бөлек, жемшөп өндірісін тұрақтандыру үшін 201 мың тонна жемдік астықтың резервтік қоры жасақталған. Бұл кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ елімізде отандық асыл тұқымды базаны дамытуға басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта бірінші және екінші деңгейлі репродукторларды салуға арналған инвестициялық субсидиялау нормативтері жаңартылған.
Жалпы, жаңа өндіріс орындарын ашу, отандық асыл тұқымды базаны қалыптастыру және экспорттық нарықтарды кеңейту арқылы Қазақстан құс шаруашылығының әлеуетін арттыруды көздеп отыр.