АҚШ-тан құс етін тасымалдауды азайту керек. Қазақстан құс өсірушілер одағының өкілдері ауылшаруашылығы министрлігіне осындай ұсыныс тастады, деп хабарлайды 24.kz.
Жыл сайын елімізге Америкадан 140 мың тонна құс еті әкелінеді. Оның 128 мың тоннасы тауықтың сан еті, 12 мың тоннасы таза ет. Алайда бұл квота аясында жасалған мөлшер болатын. Бүгінде өз шаруаларымыз ұсынған құс еті ішкі нарықтың 60 пайызын ғана қамтып отыр. Ал 2023 жылға қарай еліміздің құс өсірушілері 300 тонна құс етін өндіріп, сол арқылы ішкі нарықты түгелдей қамтуды көздеп отыр. 2027 жылы 740 мың тоннаға дейін жеткізіп, экспортқа шығара бастамақ. Қазақстандық құс өсірушілер қоғамының президенті Руслан Шәріповтің айтуынша, мақсат ауқымды, тек қолдау керек.
"Қазақстан АҚШ-нан 140 мың тонна ет өнімін алады. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарты осындай болды. Бұған дейін біз 110 мың тонна етті импорттап келдік. Біздің ойымызша, осы квотаны қайта қарастыру керек. Себебі екінші тараптың шарты біздің отандық өндірушілердің қанат жаюына қолбайлау болып тұр", - деді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов.