Көрші елдің ветеринарлық қызметтері құс тұмауының таралуын түбегейлі жоя алмай отыр.
Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі Ресей Федерациясының кейбір құс фабрикалары өнімдерін тасымалдауға салынған тыйымның мерзімін одан әрі ұзартты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
"Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық қадағалау комитеті Ростов облысындағы "Белая птица-Ростов" ЖАҚ-та құс тұмауының таралуына байланысты биылғы жылдың қазан айында аталмыш кәсіпорыннан тірі құсты және одан дайындалған термикалық өңдеуден өтпеген өнімді, сондай-ақ құстарға арналған жемазық тасымалдауға енгізген шектеуді ұзартуға мәжбүр", – делінген АШМ хабарламасында.
Ауру ошағы Ростов облысындағы "Белокалитвинская" құс фабрикасында да анықталған. Осыдан кейін құс тұмауының таралуы "Евродон" құс фабрикасында тіркелді.
Министрліктің дерегі бойынша, Алтай өлкесі, Саха Республикасы (Якутия), Астрахань, Қалмық Республикасы, Курск, Пенза, Самара, Орлов облыстарындағы құс фабрикаларында да құс тұмауына байланысты шектеу енгізілген.
"Қазіргі таңда Кедендік одақтың ресейлік кәсіпорындар тізбесінде құс және құс шаруашылығы өнімдерін өсіру, өндіру және өңдеу жөнінде 55 кәсіпорын бар. Оларға Қазақстан Республикасы аумағына құс және құс шаруашылығы өнімін тасымалдауға шектеу қойылған", – деп түйіндеді ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер.