Бүгінгі таңда Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 39 адамның, оның ішінде 2 баланың денесі үйінді астынан шығарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құтқарушылармен бірге Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері көмек көрсетіп, зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетуде. Күніне орта есеппен 35-тен астам адам медициналық көмекке жүгінеді.
Газиантеп қаласы бірінші эшелонның жұмыс жүргізу ауданы болып белгіленді. Мұнда жұмыстар тәулік бойы екі ауысымда үш учаскеде жүргізілуде.
Құтқарушылардың бірінші тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғастырылуда. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 8 қаза тапқан адамның денесі шығарылды.
"Құтқарушылардың екінші тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат ішінара қираған, апатты, қирау динамикасы байқалады, тұрақсыз құрылымдарға байланысты ғимараттардың толық қирау қаупі бар. Ғимараттың 2-қабатына дейін инженерлік техниканы пайдалана отырып, демонтаж жүргізілді, үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғастырылуда. Қайтыс болған 13 адамның денесі шығарылды", - делінген хабарламада.
Ал үшінші топ та алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде, қайтыс болған 13 адамның денесі шығарылды.
Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының екінші эшелоны Түркияға келген сәттен бастап іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Екінші эшелон үшін іздеу орны Нурдагы - Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі толығымен қираған ғимарат бекітілді. Онда 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды - ер адам мен екі әйелді құтқаруға мүмкіндік туды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Хатай елді мекеніне құтқарушылар тобы және кинологиялық есептоптар жіберілді. Іздеу объектісі - толығымен қираған алты қабатты үй. Осы объектіде 9-10 ақпанда үйіндінің астынан қайтыс болған үш адамның денесі шығарылды, оның бірі – Қазақстан азаматы, екеуі – Түркия азаматы.