Депутаттар еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Келісімді ратификациялауды мақұлдады. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов заң жобасын палатаның жалпы отырысында таныстыра келіп, аталған Келісімге 2016 жылғы 26 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласындағы ЕуразЭО мүше-мемлекеттері басшыларының жұмыс бабындағы кездесуі аясында қол қойылғанын атап өтті.
"Келісімге сәйкес қазақстандық тарап Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциясы үдерісіне жәрдемдесу мақсатында қырғыз тарапына 100 миллион АҚШ долларына барабар көмек көрсетеді", - деді Сүлейменов.
Ол көмек қырғыз тарапына Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы жөніндегі "Жол карталарында" көзделген іс-шараларды іске асыруға, атап айтқанда ЕуразЭО кедендік шекарасының қырғыз учаскесінде кедендік инфрақұрылымды жақсартуға, Қырғыз Республикасының санитариялық, ветеринариялық, фитосанитариялық жүйелерін ЕуразЭО талаптарымен сәйкестендіруге берілетінін хабарлады.