Пандемияға қарсы іс-қимыл кезеңінде Қазақстан да көршілес елдерге экономикалық қолдау көрсетуден тыс қалған жоқ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан мен Тәжікстанға жалпы құны 3 млн АҚШ долларынан астам сомаға әрқайсына 5 мың тонна көлемінде ұн жеткізу арқылы гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Бұл шешім халықты азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қырғыз бен тәжік тарапының ресми өтініштеріне байланысты қабылданған.
Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесу барысында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон тәжік халқына осы қиын кезеңде қолдау білдіріп, гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол, сондай-ақ, Тәжікстан азаматтарын Отанына жеткізуге ықпал еткені және Қазақстан аумағы арқылы жүктерді тасымалдауға көмектескені үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, Қазақстан және Қырғызстан Сыртқы істер министрлері М.Тілеуберді мен Ч.Айдарбеков телефон арқылы сөйлесу барысында қырғыз тарапы Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғыс білдірді. Жақын арада аталған жүктер Қырғызстан мен Тәжікстанға жеткізілетін болады.
"Қазақстан, халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде, жаһандық коронавирустық пандемия жағдайында шет қалмайды және серіктес елдерге қажетті гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда",– деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.
Хабарламада Қазақстанның Қытайға да әріптестік қолдау көрсетіп, медициналық қорғау құралдарын бірнеше рет жібергені айтылған.
"Жалпы гуманитарлық көмек көрсету Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Өткен жылдары Қазақстан Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Мьянма, Пәкістан, Сербия, Сирия, Түркия, Жапония және т. б. елдерге әртүрлі көмек жіберген болатын",– деп атап өтілген.
Гуманитарлық көмек – бұл әлемдік қоғамдастық мүшелеріне өзара қолдау көрсетудің жалпы қабылданған халықаралық тәжірибесі.