Мемлекет басшысы "1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Хаттамаға 2022 жылдың мамырында Бішкекте қол қойылған.
Құжат құзыретті мекемелерді, оның ішінде шартты іске асыратын мемлекеттік органдарды айқындау мәселелеріне қатысты өзгерістер енгізеді. Түзетулер сондай-ақ келісім мәтінінде пайдаланылатын ұғымдарға түсініктемелер енгізеді және тараптардың заңнамасын ескере отырып, басқа да түзетулерді қамтиды.
Сондай-ақ құжаттан ішкі істер органдарының қылмыстық істер бойынша заң көмегін көрсету құзыретін белгілейтін бап алынып тасталды, өйткені бұл функция бұдан былай Бас прокуратураға тиесілі.