Қазақстан Қытай мен Еуропаға теміржол арқылы тауар тасымалын арттырады

518

Бұл туралы "Қазақстан-Италия" инвестициялық дөңгелек үстелі барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстан Қытай мен Еуропаға теміржол арқылы тауар тасымалын арттырады Фото: inbusiness.kz

Қазақстан Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропа бағыттарындағы тауар тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік беретын теміржол желісін салады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысының айтуынша, көлік-логистика – ынтымақтастықтың тағы бір өзекті саласы.

Қазақстан өңірлік хабқа айналу үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды белсенді түрде қолға алды.

"Орта дәліз "Бір белдеу, бір жол" бастамасын толықтырады. Біз оны Еуропа Одағының Трансеуропалық көлік желісімен және "Жаһандық қақпа" стратегиясымен ұштастыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар "Үлкен жетіліктің" Жаһандық инфрақұрылым және инвестициялар саласындағы серіктестігі (PGII) жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан артық қаржы құйды. Алдағы үш жылда 1300 шақырымнан астам теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз", - деді Президент.

Бұл Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропа бағыттарындағы тауар тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

"Сондықтан италиялық инвесторларды біздің айлақтарымызды дамыту, жүк тасымалдаушы кемелерді бірлесе шығару және логистикалық орталықтар құру ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз. Қазақстан аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық бағыттың, сондай-ақ Алматы мен Милан арасындағы тікелей әуе рейстерінің арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрынғыдан да беки түсті. Біз Астананы Рим және Милан қалаларымен жалғайтын тікелей рейстерді ашу жоспарын қуана құптаймыз. Бұл біздің экономикалық қатынастарымызды және халықтарымыз арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ туризмді ілгерілетуге оң септігін тигізетіні сөзсіз", – деді Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу