Хэйлунцзян провинциясының Халықаралық сауданы қолдау комитеті (ХСҚК) делегациясының сапары аясында Қытай (Хэйлунцзян)-Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы өтті. Сонымен қатар, бірқатар екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, 8 құжатқа қол қойылды.
Форумға қазақстандық және қытайлық бизнес-қоғамдастықтың 100-ден астам өкілі қатысты, инвестициялық жобаларды іске асыру және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Құттықтау сөзінде Қытайдың Қазақстандағы Елшілігінің экономикалық және коммерциялық мәселелер жөніндегі кеңесші-елшісі Су Ю "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасы аясында екіжақты қарым-қатынастардың маңыздылығы туралы айтып берді. Ол Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Си Цзиньпиннің пандемиядан кейінгі алғашқы сапары Қазақстанда өткенін еске салып, бұл елдер арасындағы стратегиялық әріптестік пен сенімнің жоғары деңгейін көрсететіндігін жеткізді.
Өз кезегінде, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еренов Қытай Қазақстанның маңызды сауда, инвестициялық және іскерлік серіктесі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстанның іскерлік қоғамдастығы экономикалық қатынастарды кеңейту үшін қытайлық компаниялармен күш біріктіруге дайын.
Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы жобаларының портфелі агробизнес, ЖЭК, ТМК, машина жасау және т.б. сияқты экономиканың басым секторларында шамамен 21 млрд доллар болатын 52 жобадан тұрады.